Биыл жобаға 80 адам қатысуға ниет танытқан
Бүгін Қосшы қаласында «Жасыл ел» еңбек жасақтары биылғы маусымдық жұмысын бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жасыл ел» жалпыұлттық жобасы 2005 жылдан бері жүзеге асып келеді. Осы аралықта бұл жастар арасындағы ең танымал бағдарламалардың біріне айналып үлгерді. 20 жылға жуық уақыт ішінде жоба жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды.
Бұл қозғалыс жастарымызды еңбекке баулып қана қоймай, қазір ортақ идеялар төңірегінде топтастырды. Жоба Қосшы қаласында екінші рет жүзеге асып отыр. Ендігі кезекте Қосшы қаласы және Тайтөбе ауылынан іріктеліп алынған 80 жас осы маусымдық жұмысты жасап, әрқайсысы 75 мың теңге көлемінде айлық алады.
Қосшы қаласының Жастар ресурстық орталығының басшысы Ақылбек Данабекұлының айтуынша, уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді.
«Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 6 сәуірден бастап бір ай бойы «Таза Қазақстан» акциясы өтті. Аталған республикалық деңгейдегі экологиялық акцияға қосшылықтар, оның ішінде жастары сүбелі үлесін қосты. Экологиялық айлықта Қосшы қаласының жастар ресустық орталығының өкілдері істің бел ортасында жүрді. Аталған экологиялық акция аясында мамыр айында «Жасыл ел» жобасы салтанатты түрде бастау алды. Оған қала әкімінен бастап белсенді қала тұрғындары, жастар қатысып, қаламыздағы «Сарқырама» өзенінің бойын күл-қоқыстан тазартқан еді. Жалпы «Жасыл ел» еңбек жасағы биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жыл өткен сайын «Жасыл ел» қатарында жұмыс істеуге қызығушылық танытатын жастардың саны артып келеді. Өткен жылы 60-тан аса жас еңбек жасағына кірсе, биыл 80 адам аталған жобаға кіріп отыр. Қаланы жасылдандыру бағытында жұмысқа тартылғандар айына 75 мың теңге жалақы алады. Еңбек жасағы қаланы көгалдандырып, сондай-ақ аумақтарды абаттандырады. Бұдан басқа «Жасыл ел» қатысушылары өсімдіктер өсіретін, орман, көгал аумағын арамшөптерден тазарту және жұмыс жоспарына кіретін басқа да жұмыс түрлерін атқарады», - дейді Ақылбек Данабекұлы.
Айта кетейік, «Жасыл ел» командасының қатысушылары уақытша, маусымдық, кей жағдайда тұрақты жұмыс тапқысы келетін 16 жастан 29 жасқа дейінгі кез келген Қазақстан азаматы бола алады. Бұл жобаның аясын кеңейтіп, оны әртүрлі әлеуметтік мәртебедегі жастар үшін қол жетімді және қызықты етеді.