Мексикада аптап ыстықтан 90 адам қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Елдің 14 штатында өте жоғары температура байқалады

Фото: istockphoto.com

Мексикада жыл басынан бері аптап ыстықтан 90 адам қайтыс болды. Бұл туралы мексикалық БАҚ-қа сілтеме жасай отырып Анадолы агенттігі жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мексикалық БАҚ хабарлағандай, Веракрус, Табаско, Тамаулипас, Нуэво-Леон және Сан-Луис Потоси сияқты штаттарда өте жоғары температураның әсерінен қаза тапқандар саны артып келеді. Мексика Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, тек 29 мамырдан 5 маусымға дейін 29 адам аптап ыстықтың салдарынан қайтыс болды. Екі мыңға жуық адам ауруханаларға қатты күн өтуі туралы шағымдармен жүгінді.

 Ұлттық ауа райы қызметі (SMN) алдағы күндері елде өте жоғары температура толқыны жалғасады деп болжайды. Созылмалы аурулары бар адамдарға белгілі бір сағаттарда қажетсіз далаға шықпауға кеңес беріледі.

Мексиканың ұлттық автономиялық университеті (UNAM) мамырдың соңғы 15 күнінде ел тарихындағы ең жоғары температура болғанын айтты. Мексиканың 14 штатында ауа температурасы 40 градустан асады.