Ұлттық ұлан қызметкері суицид жасамақ болған қыз баланы құтқарып қалды
Оқиға 4 маусым күні сағат 19:10 шамасында
Қостанайда ұландықтар болуы мүмкін қайғылы оқиғаның алдын алды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
4 маусым күні сағат 19:10 шамасында Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімі әскери полициясының аға анықтаушысы Әлімжан Рүстемов қызметтен үйіне келе жатып, Қобыланды батыр көшесі бойындағы үйдің маңына жиналған адамдарды байқайды. Көптің назары бесінші қабаттан секіргелі тұрған 13-14 жастағы қызда екен. Ұландық офицер уақыт жоғалтпай, бірден қыздың пәтеріне қарай жүгіріп барады. Секірудің алдын алу мақсатында, қызды алдау әрекеті арқылы құтқарып қалады.
«Секіруге бекінген қыз баланың пәтерін нақты білмесем де, жобамен тауып алармын деп жылдам жетіп бардым. Қасында қарт атасы бар екен. Дегенмен, қыздың ісінен мүлдем сөзге келіспеушілік барын байқап, алдарқата тұрып, тәуекелмен ұмтылдым», – дейді Әлімжан Рүстемов.
Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылды. Қазіргі уақытта жасөспірім жақындарының қасында.
Дәл осы кеште сағат 20:10 кезінде жоғарыда аталған әскери бөлімнің маманы кіші сержант Ернар Айдарбек те қырағылық танытты. Ол Қостанай қаласы бойынша полиция департаментінде жедел басқару орталығында қызмет атқару барысында бақылау камераларынан Абай – Гоголь көшелері қиылысында жаяу жүргіншіні көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып бара жатқан TAN автокөлігін байқайды.
Нұсқаулық ережелеріне сай, әскери қызметші оқиғаны бірден полиция бекеттеріне баяндайды. Шұғыл хабарламаның арқасында оқиға орнына жедел жеткен полицейлер тәртіп бұзушыны бірден қолға түсіреді. Аталмыш оқиға бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.