Жоспар 4 бөлімнен және 28 тармақтан тұрады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір бастамасы іске асырылды. Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында лудоманиямен күресу үшін жүйелі жұмыс істеп, кешенді жоспар құруды, сондай-ақ тиісті заңды тезірек қабылдауды тапсырған еді.
«Естеріңізде болса, Мәжіліс бұған дейін осыған қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарастырған болатын. Қабылданған кешенді жоспардың іс-шаралары заң жобасының негізгі ережелерімен толық үндеседі.
Кешенді жоспардың жобасын сарапшылар, сондай-ақ Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері кеңінен талқылады. Жоспар 4 бөлімнен және 28 тармақтан тұрады. Оның сапалы орындалуына 15 орталық және 20 жергілікті мемлекеттік орган жауапты болады.
Лудоманияға қарсы күресте мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бүкіл қоғамның жұмылуы, дәйекті әрі жүйелі жұмыс жасауы аса маңызды», – дейді Ерлан Қарин.