«Шығын көлемі – 60 млн теңгеге жуық»: Алматыда қаржы пирамидасын құрғандар сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Оларға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Фото: istockphoto.com

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында қаржы пирамидасын құрған үш азаматқа қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық соттың хабарлауынша, сотталушылар шетелдік азаматтармен сөз байласып (оларға қатысты қылмыстық іс бөлек өндіріске бөлінген) болашақ инвесторларға ақша операцияларын бақылай алатындай интернет-платформасын құрған. Клиенттер әлеуметтік желілерде жарнамалау, кітапшаларды тарату, онлайн тренингтер өткізу, инвестициялық компания ретінде жобасын позициялау және әрбір инвесторға салынған соманың 5-тен 15%-ке дейін ай сайын алатынына уәде беру арқылы тартылған.

«Алаяқтық барысында 13 адамға жалпы сомасы 59 894 237 теңге материалдық шығын келтірілген. Сотталушылар кінәларын мойындамады. Сот үкімімен А., К., С. қаржы пирамидасын құру және басқару бойынша кінәлі деп танылып, жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қанағаттандыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп хабарлайды Алматы қаласының сотынан.