Айтылған ұсыным уәкілетті мемлекеттік органдар мен Парламентке жіберілетін болады
«AMANAT» партиясының әйелдер қанаты мен Парламентаризм институты мектептер мен балабақшаларда салауатты және теңдестірілген тамақтану стандарттарын енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін балаларды қорғау күні қарсаңында «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтымен бірлесіп, мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерде дұрыс тамақтану мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді. Жиынға қатысушылар ғылыми ұсыныстарға негізделген мектептегі тамақтану стандарттарын енгізудің пайдасына тоқталды.
Жиын модераторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова өз сөзінде оқушылардың сапалы және теңгерімді тамақтануға қол жеткізу үшін ғылыми ұсынымдарға негізделген стандарттарды енгізудің маңыздылығын атап өтті.
«Мұғалімдер мен ата-аналарды, балаларды дұрыс тамақтану негіздеріне оқыту және тамақтану әдеттерін қалыптастыру жөніндегі ұлттық бағдарламаны әзірлеу – маңызды шешімдердің бірі. Бұл дені сау ұлтты қалыптастыруға және келешек ұрпақтың салауатты өмір сүруіне ықпал етеді», - деді Ж.Сүлейменова.
Парламентаризм институты директорының орынбасары Ләззат Сүлеймен дөңгелек үстелдің мақсаты мектеп оқушыларын дұрыс тамақтандырудың проблемалық мәселелерін талқылау ғана емес, сонымен қатар білім беру мекемелерінде балалардың тамақтануын жақсартуға көмектесетін практикалық ұсыныстар әзірлеу екенін тілге тиек етті.
«AMANAT» партиясының Хатшысы – Әйелдер қанаты төрағасы Шолпан Каринова 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушыға, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақтану ұйымдастырылғанын жеткізді.
БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және «Ұлттық салауатты тамақтану орталығының» (ҰҒО) 2023 жылғы зерттеулері Қазақстанда энергия мен қоректік заттарды тұтыну нормалары халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтінін және қазақстандық тағамдардағы тұз бен қант мөлшері халықаралық нормалардан асып түсетінін көрсетті.
«Бұл артық салмақ пен семіздікке шалдыққан балалар санының өсуіне әкеледі (18 пайыз), сондай-ақ олардың денсаулығы мен болашағына теріс әсер етеді. Мектеп оқушылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, жартысынан көбі мектеп мәзіріне қанағаттанған, ал 21 пайызды тамақты ұнатпайды немесе мектеп асханасында мүлдем тамақтанбайды - 20 пайыз. Мұндай зерттеулер мектептегі тамақтанудағы проблемалардың тереңдігін түсінуге көмектеседі», - деп атап өтті Ш.Каринова.
Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің және Астана қаласы мәслихатының депутаттары, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының, Білім министрлігінің, Қазақ тамақтану академиясының, ҚР Ұлттық салауатты тамақтану орталығының, Астана медицина университетінің, ҚазАТУ өкілдері мен мектеп директорлары, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Дөңгелек үстел барысында айтылған ұсынымдар уәкілетті мемлекеттік органдар мен Парламентке жіберілетін болады.