Атырау облысындағы Талдыкөл ауылын су басуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Осы кезге дейін ауыл маңында 3 шақырымдық қорғаныс бөгеті салынды

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Атырау облысындағы Талдыкөл ауылын су басу қаупі жоғары болып тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Округ әкімі Сейілбек Зұлхашевтың айтуынша, осы кезге дейін ауыл маңында 3 шақырымдық қорғаныс бөгеті салынды. Қазір бөгеттің 800 метр бекінісі жаңартылып жатыр.

«Жағалауды нығайту жұмыстарына 28 әскери қызметші мен Төтенше жағдайлар министрлігінің 15 қызметкері тартылды. Арнайы 25 техника бөлінді. Жергілікті тұрғындар мен сарбаздар бөгетке 28 мың қап төседі. Талдыкөл орта мектебінде 300 орындық эвакуациялық пункт дайындалды», - деді Сейілбек Зұлхашев. 

Әкімнің айтуынша, фермерлер мен шаруа қожалықтарының иелеріне су басу қаупі туралы ескертулер берілген. Қауіпсіз аумаққа 200 қой-ешкі, 300 сиыр айдалған.