Головкин қатысты: Азия Олимпиадалық кеңесінің бас ассамблеясында не талқыланды?

Автор: Azattyq Rýhy

Күн тәртібінде АОК Конституциясына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды

Фото: Olympic.kz

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшылық құрамы екі күндік жұмыс сапарымен Бангкок (Таиланд) қаласына барды. Сапар барысында Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин мен бас хатшы Жанар Утешева Азия Олимпиада Кеңесінің 43-і Бас Ассамблеясына қатысты. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Olympic.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

АОК президентінің міндетін атқарушы Раджа Рандхир Сингх Ассамблея отырысын ұйым тарихындағы маңызды жиынға балады. Себебі, күн тәртібінде АОК Конституциясына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланған болатын.

Ассамблея аясында АОК мүшелерінің арасында дауыс беру рәсімі жүргізілді. Нәтижесінде, Кеңес құрамына енетін барлық 45 Ұлттық Олимпиадалық комитет аталған бастаманы қолдауға дауыс берді.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің жаңа басшысы үшін бұл АОК аясындағы алғашқы ресми іс-шара болғанын айта кету керек.

Осы орайда, Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкиннің жұмыс сапары тек қана АОК Ассамблеясына қатысуымен шектелген жоқ. Екі күн ішінде ол көптеген екіжақты кездесулер өткізді, оның ішінде, Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) өкілдері, АОК және Азия елдеріндегі ҰОК басшылары бар. Функционерлер Геннадий Головкинді ҰОК басшылығына сайлануымен құттықтап, даңқты атлеттің бұл қызметке келуі барлық олимпиадалық қозғалыс үшін маңызды екенін атап өтті. Барлық әріптестер Г. Головкин басқаратын Қазақстан ҰОК бастамаларын толығымен қолдайтынын жеткізді.