Ресейдегі автобустың өзенге құлауы: күдікті ретінде автоколоннаның басшысы ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қылмыстық істі тергеу жалғасуда

Бейнеден кадр

«Такси» ЖШҚ автоколоннасының басшысы Санкт-Петербургтегі автобустың өзенге құлауы салдарынан адамдарды өлімге әкеп соқтырғаны үшін қылмыстық іс бойынша ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Күдікті ретінде адамдарды тасымалдауды ұйымдастырған «Такси» ЖШҚ автоколоннасының басшысы ұсталды. Лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес аталған адамға Еңбек және көлік тәртібінің сақталуын, оның ішінде «Такси» ЖШҚ-да еңбек қызметін жүзеге асыратын жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін бақылау міндеттері жүктелді», - деп хабарлады Ресейдің Тергеу комитеті.

Сондай-ақ, Ресей Федерациясының Тереу комитеті Санкт-Петербургтегі өзенге құлаған автобустың жүргізушісі бірнеше күн бойы демалыс алмағанын хабарлады.

«Тергеу мәліметтері бойынша, өзенге құлаған автобустың жүргізушісіне бірнеше күн бойы қажетті демалыс уақыты берілмеген», - делінген хабарламада.

Жақын арада ұсталған адамға бұлтартпау шарасы тағайындалып, айып тағылады. Қылмыстық істі тергеу жалғасуда.