Теміртауға жақын жерде жантүршігерлік жол апатынан екі бала қаза болды

Автор: Azattyq Rýhy

10 адам ауруханаға жеткізілді

Фото: Видеодан скриншот

Қарағанды облысында Теміртау қаласының маңындағы тасжолда болған көлік апатынан екі бала қаза тапты. Оқиға туралы полиция түсініктеме берді. Бұл туралы журналист Денис Денски Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, оқыс оқиға Алматы-Екатеринбург тас жолында болған. Теміртауда төлем пункті маңындағы жол айрығында Тойота Камри мен Шевроле Нексия соқтығысқан. Журналистің мәліметінше, Шевроле Нексияға мінген кәмелетке толмаған екі бала сол жерде тіл тартпай кеткен.

Екі көліктен бас-аяғы 10 адам ауруханаға жеткізілді. Оқиға туралы полиция мәлімет берді. Ведомство мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 7 мамырда сағат 17:56-да болған, сондай-ақ полицияда қаза тапқандар туралы деректер расталған.

«Іс жүзінде қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу жүргізілуде. Мән-жайлар анықталып жатыр. Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін сақтауға және жылдамдық режимін бұзбауға тағы да шақырады», - деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.