Өткен жылы Қазақстан әуежайлары 17,7 млн жолаушыға қызмет көрсеткен
2019 жылы Қазақстан әуежайлары шамамен 17,7 млн. жолаушыға қызмет көрсетті. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлайды.
Авиациялық нарықтың шамамен 70% Алматы (7,2 млн жолаушы) және Нұр-Сұлтан (5,1 млн жолаушы) әуежайларына тиесілі.
«Қазақстанда қазіргі уақытта 20 әуежай жұмыс істейді, олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Талдықорған, Тараз, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Өскемен, Семей, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Боралдайда орналасқан.
Олардың 15-і мемлекеттік әуежай, 8-і жеке меншікте, 1- концессияда. Жергілікті әуе желілерінің 3 әуеайлағы (Үржар, Үшарал, Зайсан) және өндірістік мақсаттағы 1 әуеайлақ (Теңізде) бар», - делінген ақпаратта.
17 әуежайда халықаралық рейстерге қызмет көрсетуге рұқсаты бар. 17-сі ИКАО стандарттары бойынша санатталған, оның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы әуежайлары III санат, Атырау әуежайы II санат, және басқа әуежайлар I санатта. Бұл оларға әуе кемелерін күрделі метеожағдайларда қабылдауға мүмкіндік береді.
Құзырлы ведомствоның хабарлауынша, жалпы Тәуелсіздік жылдары 18 әуежайда ұшу-қону жолақтары қайта жаңартылып, 12 әуежайда-жолаушылар терминалдарын қайта жаңарту жүргізілді.