Қазақстандықтарға газбен жабдықтау қызметтері үшін төленген 1,2 млрд теңге қайтарылады

Автор: Azattyq Rýhy

Тексерулерден кейін компанияның филиалдарына жалпы сомасы 79,5 млн теңге айыппұл салынды

Фото: istockphoto.com

Қазақстандықтарға газбен жабдықтау қызметтері үшін төленген 1,2 млрд теңге қайтарылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Табиғи монополияларды реттеу комитетіне сілтеме жасап.

Комитет Бас прокуратураның талабы бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының филиалдарына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде тұтынушылардан газды ағызу, пломбалау және алғашқы іске қосу қызметтері үшін ақы алынатыны анықталды.

Бұл қызметтерге ақы төлеу талабы реттелетін қызметке қатысы жоқ қосымша ретінде квалификацияланады. Тиісінше, төлем сомасын есептеу негізсіз деп танылды.

Тексерулерден кейін компанияның филиалдарына жалпы сомасы 79,5 миллион теңге айыппұл салынды. Оларға тұтынушыларға ақшаны қайтарып қана қоймай, осы қызметтер үшін ақы алу тәжірибесін тоқтатуды бұйырды.