Дәрігерлер марқұмдардың өзге де аурулары туралы айтты
Қазақстанда COVID-19 вирусы құрбандарының саны 19 адамға жетті. 19 сәуір күні түнде Алматыда 1958 және 1931 жылғы екі науқас көз жұмған.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, марқұмдардың екеуі де аса ауыр халде жансақтау бөлімінде жатқан.
«Олардың бірі 1958 жылы туған. Пациентте инфекциядан басқа жіті деструктивті панкреатит, ауыр дәрежедегі анемия, артериялық гипертония сияқты ілеспе аурулар болды. Жүрек қызметінің тоқтауынан қайтыс болды. Екіншісі – әйел, 1931 жылы туған. Қосымша диагноздары: жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, дисциркуляторлық энцефалопатия сияқты ауыр жағдайда болды», - делінген басқарма таратқан хабарламада.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 1735 адамға жетті. 401 науқас ауруынан айығып шықса, 19-ы қайтыс болған.