Талдықорғандағы 40 минуттық шайқаста тағы да Батыр Қоңтайшы жеңілді, ал әкім шапалақ ұрып қуанды...

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақ тарихындағы маңызды ұрыстардың бірі – Орбұлақ шайқасы оқиғасы негізіндегі театрландырылған қойылым араға 4 жыл салып екінші рет көрсетілді

Талдықорған ипподромындағы «мерекелік думанды» фотосуреттермен сөйлетіп бергіміз келді. Айтып, жазатындай детальдар мен ерекшеліктер іздегенбіз. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткен қойылымды араға біраз уақыт салып, дәл сол сценариймен қайтадан сахналаған Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы көрермендерге нендей рух берді? Негізі қойылымның жүректерде толқыныс тудырып, сезімдерді оятатын сәттерін жиналған жұрт бұрын да талқылаған еді. Ол туралы БАҚ беттерінде жазылды. Сондай-ақ жарты күндік іс-шараға жұмсалған қаражат көлемі мен ұйымдастыру мәселелеріне де назар аудардық.

Ұлттық спорт ойындарының сайысы. Қазақ барысындағы жеңімпаздар, ағайынды Ұлан Рысқұл, Руслан Әбдіразақов және Еламан Ерғали әдеттегідей жүлдеге тігілген автокөлікті сарапқа салып жатыр.

Бауырсақ пати. Қыдырып келген жұртқа кәуап, қымыз және күріш сатылғанымен, екі тонна бауырсақ тегін таратылды. Ол Гиннес рекордтар кітабына қазақстандық жаңалық ретінде жазылды.

Сән көрсетілімі. Алматыдан арнайы келген модель қыздар өңір басшысы бастаған құрметті қонақтар келген сәтте ғана этникалық стильдегі киімдерімен подиумға көтерілді. Оған дейін жиналған халық ақмаңдай арулардың жүзін бір көру үшін ақшаңқай киіз үйдің есігін баққан еді.

Садақ ату мен жамбы атудан «Алтын жебе» турнирі. Садақ атуды хобби ретінде таңдаған Әлия Бекен қай жерде садақ ату ойыны бар, сол жерден табыламын дейді. Әуесқой спортшы бүгін жеңімпаз атанғысы келеді. Бас жүлде 150 мың теңге.

Құсбегілер, қолөнершілер, әскери техника көрмесі, селфи сүйетін қауым үшін «Алтын адам», балбал тастар, батырлар қақпасына ұқсас инсталляциялар қойылған. Бағдарлама бойынша «Орбұлақ» шайқасының тарихи қойылымы сағат 15-00-ге белгіленген. Дәл осы сәтте той өтіп жатқан ипподромның бас қақпасынан облыс әкімі Амандық Баталов та кіріп келе жатты.

Негізгі қонақтар жайғасқан соң. Таудың етегіндегідей етіп қойылған декорация алдына оқиғаның алғашқы кезеңі өрбіді. Бейғам жатқан қазақ ауылына басқыншылардың басып кіруі, құндақтағы сәбиді найзамен түйреуі, жаудың ес біліп қалған бала мен әйелді тұтқынға алуы, шаңырағы ортасына түскен ауыл, өртеніп жатқан адамды көруге болады.

Қойылымның әсерлі тұсы сахна сыртындағы далада өрбиді. Жау әскерінің түтінге тұншығуы, ұрыс алаңында кісінеген жылқылар, атты әскерлердің омақаса құлауы, қылыштасу. Ақырында жауды күйреткен қазақ жасағы көрермендерге қарай қылыштарын көтеріп, беттейді. Сол кезде Жетісу өңірінің қазіргі басшысы 376 жыл бұрын ерлік жасаған Жалаңтөс Баһадүр мен Салқам Жәңгірдің қасына барып, тірі қалған әскермен иық тірестіріп, жеңіс туын көтерді. Сонымен қойылымның шымылдығы жабылады.

Белгілі каскадер Бауыржан Әбішев - 2015 жылғы «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай ұйымдастырылған Орбұлақ шайқасының режиссері. Облыс атқамінерлері биыл да трюк шеберіне сенім артыпты. Жеке фирмасынан 60-қа жуық каскадер әкеліпті. Шара ұйымдаструшылары әрқайсысына шамамен 100 мың теңгеден төлеуге келіскен. Ал күрделі сахналық өнер көрсететін каскадерлер одан екі есе жоғары гонорар алатынын айтады. Барлық әсерлер шынайы болу үшін көрерменге жақынырақ барып, өнер көрсетуге тырыстық. Қауіпсіздік те ескерілді, дейді «Kazakh union» орталығының басшысы.

«Біздің командадан 58 каскадер әкелдім. Одан тыс осы жергілікті әскери бөлімдерден 500 сарбаз алдырдық, массовкаға тағы 100 әскер келді. Атты әскерлер саны 120, сонда барлығы 800 адамға барып тұр ғой. Ұзақтығы 30-40 минуттай болады, біздің фонограммамыз солай жазылған. Әр каскадермен ішкі ұйымдастырушылар жеке-жеке келісімшарт жасасты. Стандартты емес, атпен құлайтын, қиын трюк жасайтындар бар. Әркімге баға әртүрлі. Мен өзімнің қызметіме тиістісін аламын», - дейді каскадерлік топ жетекшісі.

Орбұлақ шайқасы қаншаға түсті

Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаевтың айтуынша, тарихи қойылымнан тыс шараларға қатысу үшін шамамен 150 адам бөлек келген. Олар қолөнершілер, рыцарьлар шайқасына қатысушылар, 35 садақшы, «Қазақфильм» киностудиясының әртістері, әнші әрі боксшы Ибрагим Ескендір қойылым соңында патриоттық ән айту үшін шақырылған. Олардың ешқайсысы да тегін келмегені анық. Сондықтан бүгінгі шараға жұмсалған қаражат туралы да журналистер тарапынан қызығушылық болды. 2015 жылы «Орбұлақ шайқасы» қойылымына 50 млн теңге жұмсалғанын еске саламыз.

Талдықорғандықтар арасында танымал «taldykorganec_insta»деген парақша иесі осы жобаға қанша қаражат жұмсалатыны туралы жазды. Орбұлақ шайқасының тарихи реконструкциясы-2019 іс-шарасын өткізу бойынша қызметтерге 98 млн 813 мың теңге қарастырылған. Парақшада мұны әкімдік сайтының мемлекеттік сатып алу бөлімі жарияланған деп көрсетілген. 

Құрметті қонақтар

Бір айта кетері бүгінгі шараны ұйымдастырушылар қойылымды тамашалауға тарихшылар мен зерттеушілердің келуін қамтамасыз етпеген сияқты. Тарихшылар Өмірзақ Озғанбаев, Мәмбет Қойгелді, жазушы  Бексұлтан Нұржекеев келіп, елге оқиғаның маңыздылығын айтса, артық болмас еді. Журналистер бүгінгі қойылымның тарихи шындыққа жақындығы туралы пікірлерді зерттеушілердің аузынан естігісі келген. Есесіне құрметті қонақтардың арасында ҰҚК бұрынғы басшысы Амангелді Шабдарбаев, Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов облыс әкімінің жанынан табылыпты. Сол сияқты эколог Мэлс Елеусізов те тарихи қойылымды тамашалауға Алматыдан арнайы келген.

«Орбұлақ шайқасын тарихшылардан ең жақсы білетін Бексұлтан аға болатын. Ол кісіні мен шақырдым, ауырып жүр екен. Келмеді. Өте жақсы танимын, төрт рет кітап жазған. Басқа тарихшыларды шақырған жоқпын. Мәмбет Қойгелді мен Сағымбай Қозыбаев келеді деді. Бірақ олар да келмеді», - дейді шараның басты ұйымдастырушысы Алматы облыстық ішкі  саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев.

Құрметті қонақтарды күтуге арналған 12 қанатты киіз үй. Ипподромның ең биік нүктесінде орналасқан. Талдықорғандағы «Skazka» мейрамханасының шеф-аспазшысы мұнда 25 адамға тағам дайындап жатқанын айтады.

Қойылымға қатысқан ақсақалдар. Жергілікті театр әртістері.

Бүгінгі қойылымды тамашалауға келген  кішкентай батыр

Қойылымдағы рөлдерін жан-тәнімен ойнаған каскадерлердің беттерінен қан іздері көрініп тұр.

Сергей ылғи қойылымның сыртында қалады. Ол спектакльге әсер беру үшін пиротехникалық заттар мен сол замандағы мылтықтарды дайындап әкелген.

Балпық бидің 315 жылдығы мен Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Орбұлақ» шайқасы қойылымының соңынан ат бәйгесі ұйымдастырылды. Сайыстың бас жүлдесіне 4 автокөлік тігілген. Бүгінгі шараны облыс жұрты «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың 7 қыры» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында өткізді. Президент Қ. Тоқаев қазақ даласында осыдан сегіз ғасыр бұрын құрылған алып империя Алтын Орданың мерейтойын атап өту туралы ұсыныс айтқан болатын.   

Еске салсақ, Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиғалардың бірі. Бұл шайқас 1643 жылдың жазында Қазақ хандығының қолын басқарған Жәңгір Хан мен жоңғар қолын басқарған Батыр Қонтайшы арасында өтті.   

Ришат Асқарбекұлы, Алматы облысы