Әлемде газ шығарылатын ең ірі кен орны жабылды

Автор: Azattyq Rýhy

Нидерланд бұрғылау жұмысын ресми түрде тоқтатты

Фото: Euronews

«Голланд ауруының» символы ғана емес, сонымен қатар экологиялық апат саналатын Гронинген кен орнын игеру толықтай тоқтатылды. Бұрғылау жұмыстарына байланысты мұнда тұрақты жер сілкінісі болып, үйлер бүлініп, жергілікті тұрғындар зардап шекті. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Нидерланд Гронинген жеріндегі Еуропадағы ең ірі газ кен орнында бұрғылау жұмысын ресми түрде тоқтатты.

1959 жылдан бері Гронинген газы Нидерланд корольдігінің басты байлығының біріне айналды. Бірақ оның кері жағы да болды. Елдегі барлық ақша газ өнеркәсібіне салынды, экономиканың басқа салалары дамымай, өнеркәсіп жеткіліксіз қаржыландырылды, бұл 1970 жылдардың екінші жартысында индустриясыздандыруға, жұмыс орындарының қысқаруына және инфляцияның өсуіне әкелді.

Агенттік мәліметінше, «Голланд ауруы» немесе Гронинген әсері көмірсутектерге бай көптеген елдерге тән ресурстық қарғыстың бір түрі болып саналады.

Өткен жылдар ішінде бұрғылау жұмыстары аймақта көптеген жер сілкіністерін тудырғаны белгілі болды, бұл мәселе 2010-шы жылдары қиындай түсті. 2012 жылы Гронингенде 3,6 балдық жер сілкінісі болды, бұл аймақ тарихындағы ең күшті дүмпу ретінде тіркелді.

1986 жылдан бері барлығы 1600-ге жуық жер сілкінісі тіркелді – ондаған мың ғимарат зақымданды, жүз мыңға жуық адам зардап шекті.

Осыған байланысты 2018 жылы кен орнын игеруден біртіндеп бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылданды. Бұрғылау жұмыстары 2023 жылдың қазан айында тоқтатылған, дегенмен 11 ұңғыма Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруінен туындаған «қиын қысқы ауа райы жағдайында» және «халықаралық жағдайдың белгісіздігіне байланысты» ашық қалды.

Гронинген кен орнын басқаратын Shell және ExxonMobil компаниялары арбитраждық сотқа жүгінді, ол Голландия үкіметі қазір «көмілген» орасан газ қоры үшін оларға өтемақы төлеу мәселесін шешеді.