Ресейлік журналист Лев Годованник танымал әнші Виктор Цой қаза тапқан жол-көлік апаты туралы зерттеу жүргізді
Петербургтік журналист Лев Годованник 30 жыл бұрын Виктор Цой қаза тапқан жол-көлік апатына зерттеу жүргізіп, музыканттың өлімінің жаңа нұсқасын атады. Бұл туралы «Фонтанка» басылымы мақала жариялады.
«Кино» тобының әншісі Виктор Цой 28 жасында Латвияда 1990 жылдың 15 тамызында қаза тапқан еді. Ресми дерек бойынша ол автокөлік жүргізіп келе жатып ұйықтап кеткен.
«Годованник музыкант жанкүйерлерінің өтінішімен зерттеу жүргізген. Журналист әнші қаза тапқан жерге барып, мұрағатта жұмыс істеген. Сонымен қатар салалық мамандардан психологиялық және жол-көліктік экспертиза нәтижелерін алған. Зерттеуге жұмылдырылған сарапшылардың бірі Санкт-Петербург мемлекеттік архитектура-құрылыс университетінің Жол қозғалысы қауіпсіздігі институтының сарапшысы Егор Голов. Оның айтуынша, апат болған жол талаптарға сай болмаған», - деп жазады басылым.
Автордың айтуынша, қолда бар деректер Виктор Цойдың өліміне көлік жүргізіп келе жатып ұйықтап қалуы себеп болды деп болжауға негіз бермейді.