Тоқаев су тасқыны кезінде көмек берген қазақстандықтарға алғыс айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Президент шет мемлекеттердің басшыларына да ризашылық танытқан

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы күресте қолдау көрсетіп, көмек берген қазақстандықтарға және шет мемлекеттердің басшыларына ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл туралы Тоқаев өзінің Instagram парақшасында жазған.

«Еліміздің бірқатар өңірінде табиғи апат орын алған сәттен бері менің атыма достас мемлекеттердің басшыларынан жылы лебіздері мен көмек көрсету жөнінде ұсыныстары жазылған хаттар келіп түсіп жатыр. Қазақстан жойқын су тасқыны кезінде жәрдем беруге дайын екенін білдіргені үшін достас елдерге шын жүректен алғыс айтады. Қиын-қыстау кезде халқымыз өзін тағы да ең жақсы қырынан танытып, бірлік пен төзімділіктің үлгісін көрсеткені қуантады. Қазақстан азаматтарына шын жүректен алғыс айтамын», – деп жазылған президенттің Instagram парақшасында.

Өз жазбасында Тоқаев сондай-ақ оның тапсырмасы бойынша премьер-министр бастаған республикалық штаб төтенше жағдайдың салдарын барынша азайту үшін тиісті шаралар қабылдап жатқанын жазды.