Төтенше жағдай жарияланған өңірлерде 100 бала дүниеге келді

Автор: Azattyq Rýhy

Су тасқыны басталғаннан бері өңірлерде 84 жүкті әйел эвакуацияланды

Фото: freepik.com

Республиканың ауқымды су тасқыны жағдайына байланысты төтенше жағдай жарияланған өңірлерінде 100 бала дүниеге келді. Бұл туралы Azattyq Ruhy Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оның ішінде Қостанай облысында – 8 сәби, Ақтөбе облысында – 14 сәби, Батыс Қазақстан облысында – 22 нәресте, Абай облысында 4 сәби дүниеге келді. Ал, Қарағанды облысында – 2 сәби, Атырау облысында – 18 сәби, Ақмола облысында – 32 сәби дүниеге келді.

«Бұрын хабарланғандай, су тасқыны басталғаннан бері өңірлерде 84 жүкті әйел эвакуацияланды. Оның ішінде босану мерзімі жақын 31 әйел ауруханаға жатқызылды.

Апатты аймақтарда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға барлығы үш мыңға жуық дәрігер мен 300-ге жуық жедел жәрдем бригадасы медициналық көмек көрсетіп жатыр», - делінген хабарламада.