10 елдімекенмен көлік байланысы үзілген
1 сәуірден бастап су тасқынына байланысты БҚО-да төтенше жағдай жарияланған болатын. Қазір қауіп әлі сейілмеді. Су тасқынының алдын алу және авариялық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бүгінге дейін облыс бойынша 7039 адам эвакуацияланды, оның 3538-і – бала. Облыс бойынша 161 эвакуациялық пункт жұмыс істеп тұр. Онда мыңнан астам адам орналасқан. Қалғандары туысқандарында орналасты. Бұл туралы БҚО ТЖД Ақпараттық-аналитикалық тобының аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Нұржан Төлеуіш ОКҚ алаңында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыс бойынша 10 елдімекенмен көлік байланысы үзілді. Бірақ бұл 10 елді мекенде азық-түлік қоры қамтылған. Жалпы миллион текше метр су еріген. Осы күнге дейін 200 мыңнан астам қапшық құм төселген. Олардың барлығына 1900-ден астам жеке құрам, 365 бірлік теxника,76 мотопомпа жұмылдырылды.
«Сонымен қатар бізге Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінен көмек, Алматы облысы, Ұзынағаштан әскери бөлім қызметкерлері келіп көмектескен болатын. Қазіргі таңда Орал қаласы бойынша 10 пост дайындалған. Жайық, Деркөл өзендерінің су көлемі күнделікті бақылауда. Жайық, Шаған, Деркөл өзендерінің су деңгейі қазіргі таңда Жайық 689 см құрап отыр. Ең қауіпті мөлшері 850 см болып есептеледі. Мониторинг арқасында Жайық өзенінің көтеріліп жатқанын байқаймыз. Осыған байланысты осы Жайық өзенінің жағажайында орналасқан массивтерінен адамдарды алдын ала эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғын үйлерді аралау, құлақтандыру жұмыстары жүріп жатыр», - деді спикер.