Су тасқыны: Құлсарыдан 12 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың арасында 5 мың бала бар

Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атырау облысындағы Құлсары қаласынан 12 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Бұл туралы Azattyq Ruhy облыстық жедел штабқа сілтеме жасап хабарлайды.

Штаб мәліметінше, Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланып, тұрғындарды эвакуациялау жүріп жатыр.

«Құлсары қаласынан 12 мыңнан астам адам қауіпсіз орынға көшірілді. Эвакуацияланған адамдардың 5 мыңы – бала. Тұрғындар Атырау қаласына, Жылыой ауданында орналасқан «Теңіз кен орнындағы вахталық қалашыққа және Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына эвакуацияланды», - деп мәлмідеді облыстық штаб.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Атырау облысының Құлсары елді мекеніне авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін Ұлттық ұланның тікұшағымен ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары полковник Аманбаев Марғұланның басшылығымен 20982 әскери бөлімінің жиынтық-құтқару тобының 20 әскери қызметшісі ұшып кетті.