Ақтөбе облысында тағы 140-тан аса адам қауіпсіз жерге көшірілді

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың ішінде 85 бала бар

Ұлттық ұлан авиациясының Ми-171Е тікұшағының экипажы Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен адамдарды эвакуациялауға және тасымалдауға  атсалысып жатыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Әуе кемесінің командирі Қанат Ахметов, тікұшақ эскадрильясы командирінің инженерлік-авиациялық қызмет жөніндегі орынбасары Асхат Жукин, штурман Нұрболат Советбеков су басқан аудандардан азаматтарды құтқару үшін әуеге көтерілді.

«Қазіргі уақытқа дейін Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округ пен Қаратау ауылынан 142 адам эвакуацияланды, олардың ішінде 85 бала бар. Олар Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Ойыл ауылына көшірілді. Қауіпсіз жерге жеткізілгендердің басым бөлігі қариялар, балалар мен әйелдер. Сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери борттарының экипаждары Ақтөбе мен Оралда да белсенді жұмысын жалғастырып жүр. Ол жақтарда әуе көлігімен нан, су, макарон, картоп, консервілер жөнелтілді», – деді Қанат Ахметов.

Кейбір елді мекендердегі су бір метрге дейінгі биіктікке немесе одан да жоғары деңгейге көтерілген. Сондықтан ұландықтар ТЖМ жеке құрамымен бірлесіп су қоймалары мен өзендердің толымдылығына мониторинг жүргізеді.

Қазіргі уақытта Ақтөбе, Сазды, Ащысай және Жартас су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп тұр. Суды белсенді ағызу жүзеге асырылып жатыр. Жинақтау режимінде Қарғалы су қоймасы орналасқан.