СҚО-да мемлекеттік сатып алу бойынша 3,3 млрд теңгенің заңсыз конкурсы жойылды
Шенеуніктер жауапқа тартылды
СҚО прокурорлары мемлекеттік сатып алу саласында қадағалауды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қатайту бойынша шаралар қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу саласында қадағалау органының актілері бойынша 3,3 млрд теңгеге 11 заңсыз конкурс жойылып, 17 лауазымды тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 6-ы мемлекеттік қызметтің беделін түсіргені үшін, оның 3-і жұмыстан босатылып, 3-і қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді.
«Мысалы, Тимирязев ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарын бұза отырып, орындалған жұмыс актілеріне қол қойып, жеткізушіге тарату желілерін қайта құрудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлегені, іс жүзінде орындалмаған жұмыс үшін сомасы 6, 7 млн теңге төлем жасалған. Осылайша, мемлекеттік қызметшілерге шешім дайындау және қабылдау кезінде заңсыз артықшылық танытылған», - делінген ведомство хабарламасында.
Басқа жағдайда, Тимирязев ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы заң талаптарына қайшы, өнім берушіге балалар спорт алаңын салу бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмысқа 19,9 млн теңге сомасында ақы төленді.
«Осындай заңбұзушылықтарға Аққайың ауданы Астрахан ауылдық округінің әкімі де жол беріп, алаң аумағын тегістеу, жоспарлау және дайындау жұмыстарына 1,3 миллион теңгеге нақты орындалмай төлеген», - делінген хабарламада.
Қадағалау органының актілері және ҚР СҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінің ұсыныстары бойынша босату түрінде тәртіптік шаралар қабылданды.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар қаржылық заңбұзушылықтарды жою шараларын қабылдады.
Қадағалау органы мемлекеттік қызметшілерге «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабында көзделген босату немесе қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту туралы тәртіптік жауапкершілікті еске салады және қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға шақырады.