Олардың бірі – жаңа туған нәресте
Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар арасында 80 бала бар екенін айтты. Олардың біреуі – жаңа туған нәресте, тағы екеуі бір жасқа толмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар арасында 80 бала бар. Олардың 80 пайызында, яғни 63 балада ауру жеңіл өтіп, еш симптом білінбеді. 17 балада дене қызуы мен белгілі бір интоксикация байқалған. Әзірге екі бала ауруханадан шығарылып, үй карантинінде жатыр», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, коронавирус жұқтырғандар арасында бір жасқа толмаған екі бала бар.
«Бір жасқа толмаған екі бала Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұрады. Сонымен қатар Алматы облысында жаңа туған нәрестеден вирус анықталды. Балаға инфекция бірге тұратын туысынан жұққан. Қазіргі уақытта ананың да, баланың да жағдайы қанағаттанарлық», - деді вице-министр.