Сойылмен ұрып-соғып, телефоны арқылы несие алған: Қонаевта бойжеткенді өлтіріп кетті

Azattyq Rýhy

Көз жұмған бойжеткеннің туыстары күдіктілер жауапкершіліктен жалтарып кетеді деп қорқады

Сойылмен ұрып-соғып, телефоны арқылы несие алған: Қонаевта бойжеткенді өлтіріп кетті
Фото: «Немолчи»

Қонаев қаласында бойжеткенді өлтіріп кетті. Бұл туралы марқұмның әпкесі «Немолчи» қорына жүгініп, көмек сұрап отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Көз жұмған бойжеткеннің туыстары күдіктілер жауапкершіліктен жалтарып кетеді деп қорқады.

«Марқұмның есімі Жаннұр, ол небәрі 18 жаста болатын, аспазшы мамандығы бойынша колледжде оқып жүрген.

Туыстарының айтуынша, өліміне күдікті төрт адам – Қонаев қаласының тұрғындары. Олардың жасы – 18-21 аралығында. Жаннұр олардың бірімен жақында, 7 наурыз күні танысқан. Шамамен 14-15 наурыз аралығында аяусыз соққыға жығып, өлтіріп кеткен. Туыстары келтірген тағы бір мәліметте күдіктілер бойжеткеннің телефоны арқылы несие алып, қала сыртына шығарып, сойылмен ұрып-соққаны айтылады. Содан кейін Бақанас бағытына қарай далада өлу үшін қалдырып кеткен. Туыстарына оның мәйіті 21 наурызда табылғанын хабарлады», - деп жазады «Немолчи» қоры.

Үлкен әпкесі оны мәйітханалардан іздеген. Себебі қыздың денесі қай мәйітханада екенін оларға ешкім айтпаған. Мәйітін тапқанда сіңлісінің денесінде сау жері жоқ, азаппен өлтірілгенін, сондай-ақ денесінде бөртпелері бар екенін, қолында байлаудан қалған белгілер қалғанын көрген.

Қонаев полициясы күдіктілерді ұстады. Бірақ туыстарының айтуынша, екеуі ұсталып, екеуі бостандықта жүр.

«Туыстары мен қоғам белсенділері қылмыскерлер жазасыз қалуы мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Күдіктілердің екі адвокаты бар, ал марқұмның жағында ешкім жоқ», - деп жазады «Немолчи» қоры.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.