Олар көшеге ойнауға шығып, үйлеріне оралмаған
Маңғыстау облысында бір үйдің үш баласы жоғалып кетіп, түнгі уақытта бір-ақ табылды. Бұл туралы Azattyq Ruhy ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, Маңғыстау облысының ТЖД-не 2024 жылғы 23 наурызда сағат 20:30 шамасында Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында кәмелетке толмаған балалар көшеге ойнауға шығып, үйлеріне оралмағаны туралы хабарлама келіп түсті. Ұлдар 2012, 2014, 2018 жылдары туған.
«Іздестіру жұмыстарына ТЖД жеке құрамының 8 адамы және 3 бірлік техника жұмылдырылды.
24 наурыз күні 03:40-та жоғалған балалар көрші үйдің аумағында шаруашылық құрылысында табылды. Медициналық көмек қажет болмады», - делінген хабарламада.