Денсаулық сақтау министрлігі: Қауіпті инфекцияның беті қайтты

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы екі айда Қазақстанда қызылшамен сырқаттанушылық 38 пайызға төмендеген

Фото: Freepik

Қазақстанда қызылшамен сырқаттанушылық 38 пайызға төмендеді. Бұл туралы Azattyq Ruhy Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы екі айда Қазақстанда қызылшамен сырқаттанушылық үштен бірге немесе 38 пайызға төмендеген. Қосымша иммундау шеңберінде вакцинациялауға жататын адамдардың 92 пайызы екпе алды.

«Бұл ретте сырқаттанушылықты тіркеу жалғасуда, осыған байланысты ата-аналар балаларында қызылшаға қарсы екпелердің бар-жоғын тексеруі қажет. Вакцинация болмаған жағдайда тіркелген жері бойынша емханада вакцинациялауды ұсынамыз», - деп жазды ведомство.

Денсаулық сақтау министрлігі қызылшаның белгілері ЖРВИ белгілеріне ұқсас екенін еске салды:

  • дене температурасының жоғарылауы;
  • жөтел;
  • аурудың төртінші-бесінші күнінде бөртпе пайда болады.

Бұл инфекция энцефалит, пневмония және отит сияқты асқынулармен қауіпті.

Қызылшаның алдын алудың жалғыз сенімді құралы – уақытылы вакцинация. Бұл 1 және 6 жастағы балаларға арналған.