Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында адалдық үстемдік құрған қоғамның жетер жетістіктері көп болатынын айтты. Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Дамир Белгібаев Президент ұсынған концепцияның мәнін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Мен ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», - деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында.
Сарапшы Дамир Белгібаев Президент ұсынған концепцияны былай түсіндірді:
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай өтетін орындарын қазақ тарихымен тығыз байланысты қалаларда өткізуді жөн деп тапты. Себебі, бұл – ұлттық идеологиямызға тікелей әсер ететін фактордың бірі. Бүгінгі таңда қазақ идеологиясы қайта қарауға тиіс мәселеге айналды. Қоғам мәдениеті дамымаса, ол экономикаға да, әлеуметтік салаға да кері әсерін тигізетіні белгілі. Ел Президенті үшінші құрылтайда «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» концепциясын ұсынған болатын.
Адал азамат дегеніміз – бойында ұлтымызға тән құндылықтардың бәрі жиналған, өз нанын адал табатын, табысын адал жұмсайтын тұлға. Осындай адал азамат қазіргі таңда әділетті Қазақстан идеясымен ұштасып жатыр. Себебі әділетті Қазақстан құру үшін адал табысқа ие азаматтардың жиынтығын құрастыру қажет болады. Қазіргі таңда ұлт болып ұйысуымызға тікелей әсер ететін маңызды мәселелер – адамның жеке басына тән құндылықтар. Атап айтар болсақ, отансүйгіштік, бірлік, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық, жаңашылдық. Бұның барлығы қазіргі дамимын деген қоғамды құраушы маңызды элементтер, құндылықтар», - деді Дамир Темірғалиұлы.
Сарапшы ата-аналар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» концепциясымен үндес екенін айтты.
«Қазіргі таңда көптеген ата-ана бала тәрбиесінде 5 негізгі құндылыққа бағытталған екен. Ең бірінші, ол – үлкенге құрмет. Сосын, еңбекқорлық, өзін-өзі бағалау, өзіне деген сенімділік және әділеттілік. Яғни, сауалнама нәтижесі ел Президенті айтып кеткен концепцияға ұқсап тұр. Өйткені, әділеттілік, жасампаздық, еңбекқорлық, бұл – Президенттің басты концепцияларының бірі», - деді сарапшы.
Әлемдегі дамыған елдер цифрландыру, жасанды интеллектке көп көңіл бөлуде. Әлемде алдыңғы қатарлы елге айналу үшін білім, еңбек, адалдық қажет. Цифрландырылған алдыңғы қатарлы елге айналу Қазақстанның стратегиясы болып отыр, деді сарапшы.
«Көптеген жастар өзінің кәсібін жасап, адал еңбекпен табысын табуда. Ол – жаңаша ойлайтын жастардың көрінісі. Оны қайдан көруге болады? Мәдениет, өнер, күнделікті қоғамда көріп отырмыз. Қазақша сөйлеуді, этно стильді трендке айналдырған – жастар. Ел Президенті жоғарыда аталған құндылықтарды мектеп деңгейінде бала бойына сіңіру тапсырмасын тиісті министрлікке тапсырды», - деп, сөзін қорытындылады Дамир Темірғалиұлы.