Шымкентте полиция командирі бопсалау күдігі бойынша ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғындар бопсалау фактілері туралы шағымданған

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Шымкентте патрульдік полиция командирі бопсалау күдігі бойынша ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі өз қызметкерінің ұсталғаны туралы ақпаратты растады. Тұрғындар бопсалау фактілері туралы шағымданған.

«Шымкент қаласы полиция департаментінің меншікті қауіпсіздік басқармасы Шымкент патрульдік полиция ротасының командиріне қатысты делдалдар арқылы пара алу және бопсалау фактісі туралы қала тұрғындарының арыздары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жиналған материалдардың нәтижелері бойынша күдікті ұсталып, қамауға алынды», - деп хабарлады полиция.

Полиция департаментінің басшылығы заң бұзушылық пен антты бұзудың кез келген жағдайын назардан тыс қалдырмайтынын мәлімдеді.