СҚО-да құс фабрикасының жұмысшылары қырылған тауықтарды қарға көміп кеткен

Автор: Мира Байбек

Қар еріген соң айналаға құстардың жұқпалу аурулары тарау қаупі бар

Фото: qaz-media.kz

Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Аралағаш ауылындағы жергілікті құс фабрикасында тауықтар қырылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Qazaqstan Media жазуынша, ауыл тұрғындарының айтуынша, жұмысшылар өлекселерді мал жаятын жерге төгіп, қарға көміп кеткен. Қар ерігеннен кейін айналаға құстардың жұқпалу аурулары таралу қаупі бар.

Облыстық ветеринариялық инспекция ауылдық округ әкімдігімен бірлесе Аралағаш ауылына барған. Мамандар фабрика қызметкерлері расымен де өлекселерді қар астына көміп тастағанын анықтапты. Бұл – заң бойынша тыйым салынған әрекет. Себебі, өлекселер арнайы орындарда жойылуы керек.

«Құс фабрикасына құс өлекселерін жою туралы міндеттеме берілді. Қазір құс фабрикасы мен Петропавл қаласындағы серіктестік арасында биоқалдықтарды тасымалдау және кәдеге жарату қызметін көрсетуге келісімшарт жасалды. Фабрика басшылығы ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – делінген ветеринарлық инспекция таратқан мәліметте.