Алматыда жоғалып кеткен жасөспірім бірнеше күннен кейін табылды
Ол 13 наурыз күні шамамен кешкі сағат 18:00-де үйінен шығып кеткен

Алматылық полицейлер 13 наурызда жоғалып кеткен жасөспірімді іздеп тапты. Бұл туралы Azattyq Ruhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін алматылық еріктілер әлеуметтік желіде Рамазан Қалдаров есімді жасөспірімге іздеу салынғанын хабарлаған еді. Ол 13 наурыз күні шамамен кешкі сағат 18:00-де үйінен шығып, қайта оралмаған. Үстінде қара күртке, аяғында қара шалбар мен қара кроссовка болғаны жазылған.
Алматының полиция департаменті Рамазан Қалдаровты 500-ден астам адам іздегенін мәлімдеді. Жедел-іздестіру іс-шараларына жедел уәкілдер, ювеналды полиция инспекторлары, учаскелік инспекторлар, сондай-ақ еріктілер мен мұғалімдер қатысқан.
«Ең алдымен сауда және ойын-сауық орталықтары мен жеткіншектің жақын ортасы тексерілді. Сонымен қатар, Алматы маңындағы базарлардың бірінде жас жігіттің қаңғып жүргені туралы ақпарат тексерілді. Іздестіру шараларының нәтижесінде жасөспірім аман-есен табылып, ата-анасына қайтарылды. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда», - деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.