Еліміздің 9 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Бірқатар өңірде тұман түсіп, қар жауады

Фото: freepik.com

Қазақстанның тоғыз өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-на сілтеме жасап. 

8 наурыз күні түнде және таңертең Астанада тұман түседі.

Абай облысында 8 наурызда күндіз батыста, солтүстікте, 9 наурызда күндіз батыста, солтүстікте, шығыста жауын-шашын (жаңбыр, қар), 10 наурызда облыстың батысында, солтүстігінде кей кездері қатты жауын-шашын (көбінесе жаңбыр) жаууы ықтимал.

Оңтүстік-шығыстан соғатын жел бағытын оңтүстік-батысқа ауыстырып, 9-10 наурызда облыстың батысында, солтүстігінде, облыс орталығында жел екпіні 15-20 м/с, 10 наурызда 23-28 м/с дейін жетеді. 9-10 наурызда ауа температурасы түнде -3-8 градустан -2+3 градусқа, күндіз +2-7 градусқа дейін көтерілетіні болжанып отыр.

8 наурызда Ақмола облысының батысында, солтүстігінде және шығысында бұрқасын болады. Түнде және таңертең облыстың оңтүстігі мен шығысында тұман түседі.

Ақтөбе облысының солтүстігі мен шығысында тұман түседі. Ақтөбеде түнде және таңертең тұман болжанып тұр.

Қостанай облысының батысы мен оңтүстігінде тұман түседі.

Күндіз Маңғыстау облысының орталығында кей жерлерде қатты жаңбыр жауады.

Павлодар облысының батысында және солтүстігінде тұман, күндіз көктайғақ болады. Павлодарда тұман түседі.

Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-батысында – тұман.

Түркістан облысының тау асуларында оңтүстік-батыстан екпіні 15-20 м/с дейін жететін жел соғады.