Мегажоба: Елімізде дүбірлі дода – командалық айтыс өтеді

Автор: Azattyq Rýhy

Мегажобаға 20 команда қатысады

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Биыл 9 наурызда бүкіл республиканы қамтитын командалық айтыс басталады. Бір жылға жуық уақытты қамтитын мегажоба 4 кезеңнен тұрады, оған 20 команда қатысады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Айтыскерлерден бөлек, команда құрамындағы жыршы-термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер өнер көрсетіп, бақ сынасады. Қазақтың ұлттық өнер түрлерінен өтетін дүбірлі дода «AMANAT» партиясының қолдауымен «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» РҚБ ұйымдастыруымен өтпек.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай бастаманың өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтуды мақсат тұтып отырғанын жеткізді.

«1980 жылдары Жүрсін Ерман ағамыздың бастауымен телевизиялық командалық айтыс деген болатын. Оған бүгінгі күні ортамызда жоқ, айтыс өнерінің алыптары – Көкен Шәкеев, Көпбай Омаров, олардың ізін басқан Қонысбай Әбілов, Әселхан Қалыбекова, Әсия Бергенова, Есенқұл Жақыпбек секілді аға-апаларымыз қатысып, халықтық көзайымына айналды. Командалық айтыс сол кезеңде қоғамда резонанс тудырған, ел жүрегінен орын алған үлкен жобаға айналды. Бірақ кейінгі жылдары тоқтап, арада үлкен үзіліс болды. Енді сол жобаны жаңғыртып, жаңаша форматта өткізіп, аймақтардың мәдени байланысын нығайтуды көздеп отырмыз», - деді ол.

Қолға алынып отырған жоба Қызылорда облысынан басталады.

«Бүгінгі таңда осы бастамаға қатысты облыс әкімдерімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ұлттық өнерді ұлықтауға арналған байрақты бәсекеге қырын қарап жатқан аймақ басшылары жоқ. Жобаны қазақ өнерінің алтын бесігі тербелген өңір – Сыр елінен бастаймыз. 9 наурыз күні Қызылорда қаласында Қызылорда облысы мен Шымкент қаласының өнер командасы бақ сынасады. Бұл бабадан келген байтақ өнеріміз – айтысты ғана дәріптеу емес, ұлттық өнеріміздің бірнеше жанрын да дамытуды мақсат тұтады. 4 кезеңнен тұратын жобаға еліміздің бүкіл аймағынан 20 команда қатысып, іріктеліп шыққан 10 команда екінші айналымға жолдама алады. Екінші айналымда жеңіске жеткен 4 команда ұпай санының нәтижесі бойынша үшінші кезеңге өтеді. Үшінші айналымда 2 команда қалып, үлкен жобаның жеңімпазы болу үшін сынға түседі. Біз қарсыластарды жұптау барысында олардың географиялық қоныстану ерекшелігін ескердік. Әуелі іргелес облыстардың өнер майталмандары өзара жарысады. Ал қазылар алқасына, әр өнер саласының нағыз тісқаққан мамандары сайланады. Шымшық сойса да, қасапшы сойсын дегендей, байрақты бәсекеміз мейлінше әділетті болуын қадағалап отырамыз. Жыр аламаны еліміздің басты арналарының бірінен көрсетіледі. Жоба үлкен жемісін береді деп ойлаймын»,-деді депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай.

Белгілі ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Серікзат Дүйсенғазының пікірінше, командалық айтысқа қатысатын ақындардың әрқайсысы бір-бір облыстың проблемасын зерттеп, сахнаға алып шығады. Айтыстың бір мақсаты – жергілікті жердегі мәселелерді шешуге атсалысу.

«Жобаның ерекшелігі айтыстың күшін пайдаланып дәстүрлі ән, күй, жыр-термемізді насихаттау, жастардың арасында ұлттық өнерімізді дәріптеу. Сонымен қатар, жобамыз жалпыхалықтық деңгейге жетіп жатса, әр өңірде ән-жыр, күй мектептері мен орталықтары көбейеді, төл өнерімізді төрге оздырып, мәдени мұрамызды насихаттау жұмысы жетіле түседі. Әрі ақындар арқылы айтылған әр өңірдің проблемалары ортаға түсіп, облыс басшыларының да құлағына жетеді. Айтыстың тағы бір мақсаты жергілікті – жердегі мәселелерді шешуге өнер арқылы атсалысу»,- деді  Серікзат Дүйсенғазы.

Өз кезегінде, танымал ақын Еркебұлан Қайназар ұлттық өнерді дәріптеудің, оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің мәні мен маңызына тоқталды.

«Айтыс байырғы заманда түркі тілдес халықтардың түгеліне жуығында болды. Алайда, дәл қазір оны өнер деңгейіне көтеріп ұстап қалған екі-ақ халық бар. Олар – қазақ және қырғыз. Яғни, төл өнерді, мәдени мұраны жоғалтып алмаудың жалғыз жолы – оны әркез насихаттау, дәріптеу. Бұл – әрқайсымыздың мойнымызда тұрған қастерлі парыз», – деді ол.