Жоба шеңберінде геостационарлық емес спутниктерді пайдалана отырып, байланыс технологияларын енгізу үшін ерекше реттеу енгізіледі
Биылдан бастап пилоттық жоба аясында 2000 ауылдық мектеп спутниктік интернетпен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық ахуалды арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.
«Пилоттық жоба шеңберінде геостационарлық емес спутниктерді (StarLink, OneWeb) пайдалана отырып, байланыс технологияларын енгізу үшін ерекше реттеу енгізіледі. Пилоттық жобаның құқықтық және техникалық режимдерін байланыс саласындағы уәкілетті орган және Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындайтын болады. Бұл шалғай ауылдардағы әлеуметтік нысандарды интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті депутат, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева.
Оның дерегінше, бүгінгі таңда Қазақстанда 1424 ауылдық елдімекен тұрғындарының интернетке қолы жетпей отыр. 1950 ауылдың халқы ескірген ADSL технологиясын қолданады.
Айта кетсек, таяуда ғана цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 500 Starlink жабдығының Қазақстанға келгенін хабарлады.
«Алматыға жабдықты қабылдау барысын арнайы тексеру үшін келдім. Келесі аптада Түркістан және Ақмола облыстарындағы Starlink орнатуға толық дайын мектептерге жабдықтарды жеткізу басталады. Аталған облыстардың әкімдіктері барлық дайындық жұмысын жақсы жүргізді», - деп жазды ол өзінінң әлеуметтік желідегі парақшасында.
Министр қалған өңірлерге 20 күн ішінде 2000 жинақ келетінін айтты.
Авторы: Айжан ТЕМІРХАН