Вирустың жылдам тарауына аптап ыстық пен толассыз жауын әсер еткен
Перуде денге безгегі өршіді. Осыған байланысты елдің көптеген өңірінде төтенше жағдай жарияланды, деп хабаралайды Azattyq Ruhy Reuters-ке сілтеме жасап.
Вирустың жылдам тарауына аптап ыстық пен толассыз жауын әсер еткен.
Денсаулық сақтау министрі Сезар Васкестің мәліметінше, Оңтүстік Америкадағы денге вирусынан қайтыс болғандар саны 32-ге жетті.
«Денге ауруының таралуына байланысты 25 аймақтың 20-на төтенше жағдай жарияланды», - деді Васкес жергілікті RPP радиостанциясына берген сұхбатында.
Қазіргі уақытта вирусты жұқтырғандар елдің солтүстік өңірінде көп, науқастар ауруханаларға сыймай жатыр.
Денге безгегінің негізгі тасымалдаушысы – маса. Аптап ыстық пен толассыз жауған жауын масаның жылдам көбейіп, вирустың таралуына әсер еткен. Ауру тасушы жәндік шаққаннан кейін адамның жүрегі айнып, құсып, өзін дел-сал сезінеді.
Ресми мәліметтерге сәйкес, өткен жылы Перуде денге безгегімен 269 216 адам ауырып, 428 адам көз жұмған.
Аударған: Айжан ТЕМІРХАН