Ақ халаттыларды агрессивті пациенттен қорғау: заңға қандай өзгерістер енбек

Автор: Сымбат Ғалымжан

Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру ұсынылды

Коллаж: Azattyq Ruhy / фото: parlam.kz

Парламент Мәжілісінің екінші оқылымында денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң қабылданды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Үкімет Мәжіліс депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелерімен бірлесіп әзірледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Заң жобасында кеңінен талқыланған норманың бірі – медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру. Аталмыш құжатты пысықтаумен айналысатын жұмыс тобын басқарған Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымова сақтандырудың қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. Мәселен, Талғар аудандық орталық ауруханасында қайтыс болған науқастың ұлдары дәрігерлерді аямай соққыға жыққан. Реанимация бөлімінде реаниматолог-анестезиолог дәрігер мен медбике зардап шеккен.

«Біздің ойымызша, медицина қызметкерлеріне қарсы физикалық жазалаудың осындай ашық фактісіне жол берілмеуі тиіс! Зорлық-зомбылықтың салдарынан медицина қызметкерлері өміріне қауіп төндіретін ауыр жарақаттар, жабық ми жарақаттары, мидың ісінуі, гематомалар және жабық сүйек сынықтарын алды. Бұған дейін де Алматы облысы бойынша дәрігерге пышақпен шабуыл жасау, тіпті, науқас гастроэнтерологты атып өлтірген өлім жағдайы да тіркелді», – деді депутат.

Науқастың қазасы туралы хабарлау психологиялық және эмоционалды тұрғыдан ауыр екені түсінікті. Алайда, дәрігердің тәжірибесі мен мәртебесіне қарамастан, кей жағдайдың алдын алуға болмайтынын барлық адам түсіне бермейді.

«Дәрігер ретінде бірде-бір ақ халатты өз пациентіне өлім тілемейтінін айтқым келеді. Күнделікті өз жұмысында дәрігерлер дөрекілікке тап болады. Тіпті, қорлау және агрессивті туыстарының шабуылдары да жиі тіркеледі», - деді Мәжіліс депутаты.

Гүлдара Нұрымованың айтуынша, тек Алматы облысында 2022 жылы жедел жәрдем қызметкерлеріне 12 рет шабуыл жасалған.

«Яғни, біздің елімізде медицина қызметкерлеріне туыстары мен науқастар тарапынан зорлық-зомбылық көрсету қалыпты жағдайға айналып барады. Осылай жалғаса берсе, көп ұзамай науқастарды емдейтін ешкім қалмайды», - деді депутат.

Сондықтан Гүлдара Нұрымова медицина қызметкерлерін қорғау және олардың мәртебесі бойынша шұғыл заңнамалық шаралар қабылдауды ұсынды.

Медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру үш міндетті көздейді. Біріншісі - пациенттердің құқықтарын қорғау. Екіншісі - медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау. Үшіншісі - медициналық қызметтердің сапасын арттыру.

Осылайша, заңдық қорғау шеңберінде медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру, медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметіне заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғау және пациент, азаматтар немесе олардың заңды өкілдері тарапынан мамандыққа құрметпен қарау жөніндегі нормалар қаралады.

Медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шеңберінде дәрігерлер зиян келтірген немесе дәрігерлік қателік жіберген науқастарға залал төлеу үшін бюджеттен ақша бөлінеді. Мұны медициналық оқиғамен шатастырмау маңызды.

«Медициналық оқиға сақтандыруға жатпайды. Мысалы, науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды, бірақ сәтсіз аяқталды. Бұл сақтандыруға қатыссыз мысал. Немесе науқаста қант диабеті бар дейік. Соның салдарынан тіндердің некрозы пайда болды. Дәрігерлер аяғын кесуге мәжбүр болды. Бұл көп жағдайда медициналық оқиға. Мұндай медициналық оқиғалар өте көп. Олар дәрігер бәрін дұрыс жасаған кезде, хаттама бойынша, медициналық қызмет көрсету стандарты бойынша ешқандай қателік жібермейді, бірақ дененің физиологиялық ерекшеліктері өкінішті салдарға әкеледі. Бұл сақтандырылмайды, бұл үшін дәрігерлердің жауапкершілігі жоқ. Адамға қасақана зиян келтіруге, тактика мен диагноз қоюға байланысты жағдайлар сақтандыруға жатады», - деп түсіндірді депутат.

Науқасқа келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі айқындаған жағдайлар бойынша сақтандыру компаниясы жүргізеді деп жоспарлануда. Төлемнен бас тартылған жағдайда немесе пациент төлем сомасына қанағаттанбаса, ол сотқа жүгінуге құқылы.

Бұған дейін депутат Гүлдара Нұрымова Қазақстандағы дәрігер мәртебесін көтеру үшін медициналық қоғамдастыққа «Дәрігер мен медицина қызметкерінің этикалық кодексін» әзірлеу ұсынылатынын айтқан. Сондай-ақ медициналық қоғамдастық дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлерді жеңілдетілген автотұрақтармен және қоғамдық көліктерде жеңілдік бойынша жүрумен қамтамасыз ету туралы ұсыныс айтып, Үкіметке жүгінуге ниетті. Сонымен қатар жоба аясында медициналық қызметкерлер үшін қызметтік тұрғын үй беру бағдарламасын және жеңілдетілген тұрғын үй несиелеу бағдарламасын енгізу ұсынылады.

Бастамалардың тағы бірі: медициналық сараптаманың сапасын оған бейінді мамандықтардың жетекші мамандарын және құзыреттіліктің тиісті деңгейін – осы мамандық бойынша 10 жылдан астам практикалық жұмыс тәжірибесін, ғылыми дәрежесін, бейінді қауымдастықтарға мүшелігін тарту арқылы жетілдіру ұсынылады.                                          

«Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық немесе лауазымдық міндеттерін теріс пайдалану фактісі туралы мәлімдеген медицина қызметкерлеріне процедуралық қорғауды ұсыну ұсынылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде сараптамалық қорытынды, сондай-ақ сот шешімі жоқ медициналық оқиғалар туралы материалдарды әлеуметтік желілерде және БАҚ-та жариялауға тыйым салуды енгізу ұсынылады. Тағы бір бастама: медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін агрессивті науқастар немесе олардың туыстары тарапынан дене жарақатын алмау үшін медициналық мекемелерді неғұрлым күшейтілген күзетпен қамтамасыз ету, 24 сағаттық бейнебақылауды көздеу ұсынылады. Мұндай бейнежазбаларды кемінде бір ай сақтау, ал медицина қызметкерлерін дабыл түймесімен және т.б. қамтамасыз ету ұсынылады», – делінген қарар жобасында.