16 жыл ішінде 600-ден астам қазақстандық әскери қызметші жеті бітімгерлік миссиясына қатысты
Алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанға бітімгерлік миссияны өз бетінше жіберуге және орындауға мандат берді. Қазақстандық контингенттің құрамында 139 әскери қызметші бар. Бітімгерлер БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес қарсылас тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау міндеттерін орындайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Контингентте жауынгерлік модульдермен жабдықталған брондалған дөңгелекті машиналар, сондай-ақ күнделікті тіршілікке қажетті жабдықтар бар. Оларды қамтамасыз етуге камаздар, жол талғамайтын автомобильдер және инженерлік мүлік бар. Жаралыларды эвакуациялауға берілген машиналардың бірі оттегі аппаратымен, дефибриллятормен, дәрі-дәрмектермен және басқа да медициналық жабдықтармен жабдықталған.
Миссиядан өту кезінде бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілеріне ай сайынғы жалақысы үш есе төленеді. Бұдан өзге, БҰҰ бюджетінен олар ай сайын 1448 доллардан аса қаражат алатын болады. Миссияда қызмет аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер шипажайларда емделе алады және негізгі демалысқа жыл сайын қосымша 14 тәулік қосылады.
Айта кетсек, он алты жыл ішінде 600-ден астам қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі жеті бітімгерлік миссиясына қатысты. Қазір 19 қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның Ливан Республикасындағы, Батыс Сахарадағы, Конго Демократиялық Республикасындағы және Орталық Африка Республикасындағы бітімгерлік миссияларының құрамында қызмет етіп жүр.