Петропавлдағы бірнеше мектепке шабуылдаймыз деп жазба қалдырғандар іздестіріліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл мәселе полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында

Фото ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері Петропавл қаласының бірнеше мектебіне шабуылдаймыз деп әлеуметтік желіде жазба қалдырғандарды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Telegram, WhatsApp мессенджерлері арқылы лезде таралып кеткен жазбада белгісіз біреулер шабуылды 19 ақпан, дүйсенбі күні жасайтынын жазған.

Айтуынша, нысанада Петропавлдағы № 13,32,4,10,23,9 мектептер және Бэст гимназиясы.

Сол күні мектепке қару-жарақ әкеліп, қантөгіс ұйымдастырмақ. 

Ата-аналардың зәресін ұшырған жазбаға қатысты СҚО полиция департаменті түсінік берді.

«Оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және күзетті күшейту бойынша қажетті шаралар қолға алынды. Бір күн бұрын полицияға қала мектептерінің оқушыларына қауіп төндіретін посттар орналастырылған анонимді Telegram-арнаның бар екендігі туралы ақпарат келіп түсті. Осы жарияланымдардың авторын анықтап, мазмұнын тексеруге облыстық және қалалық полицияның жедел қызметтері мен бейінді бөлімшелерінің қызметкерлері тартылды. Бұл мәселе полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ полицейлер дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар үшін 5 мың АЕК мөлшерінде, яғни 18 млн теңгеден астам айыппұл салынатынын, немесе 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатынын еске салады.