Олар құпия ақпаратты заңсыз көшіріп алған
Ұлттық тестілеу орталығының қызметіне заңсыз қол сұқты деп айыпталған бірнеше адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, Қылмыстық кодекстің 205-бабы 2-бөлімімен және 208-бабы 2-бөлігімен қарастырылған қылмыстарды жасағандары үшін кінәлі деп танылған Қазақстан азаматтары «С», «Ж» және «Н» қатысты Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты мен Өскемен қаласы № 2 сотының үкімдері заңды күшіне енді.
«Олардың әрбіреуіне 1 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы белгіленді, сондай-ақ ақпараттық технология және телекоммуникация желілері саласында лауазымды қызметке тұру құқықтарынан 3 жыл мерзімге айырылды», - делінген ҰҚК хабарламасында.
Сотталған адамдардың 2023 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының заңмен қорғалатын ақпаратына заңсыз қол жеткізуді және көшіруді жүзеге асырғаны тергеумен анықталды.
«Олардың Ұлттық бірыңғай тестілеудің, педагогтар мен магистранттардың білімін бағалаудың өткізілуіне қол сұққаны дәлелденді», - делінген хабарламада.