Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр
Алматыда студенттердің медициналық құпияны құрайтын жеке деректері мен мәліметтерін тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.
«14 ақпанда Бостандық ауданының полиция басқармасымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің медициналық құпияны құрайтын жеке деректер мен мәліметтерді тарату фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы (жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде алматылық ЖОО-ның студент қыздарының дербес деректері таралып кеткені белгілі болды. Аталған жайтқа қатысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пікір білдіріп, жеке деректерді, әсіресе медициналық сипаттағы деректерді беру заңбұзушылық екенін айтты.
Сондай-ақ шулы оқиғаға қатысты ҚазҰУ түсініктеме берді.