Отандық дрондар алғаш рет әуеде сынақтан өткізілді

Автор: Аманалина Тоғжан

Дрондар заманауи бейнебақылау құралдарымен, датчиктермен және тепловизорлармен жабдықталған

Фото: gov.kz

Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімінде ұшқышсыз ұшатын аппараттардың алғашқы сынағы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды дайындауға елдің қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің құрамына кіретін бірнеше қазақстандық компания қызығушылық білдірген.

«Отандық өндірушілер ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды қысқа мерзімде жасады. Олардың жұмысының нәтижесін көрнекі түрде көріп, бағалай алдық. Әрине, әлі де пысықтайтын сұрақтар бар. Десек те, бастамасы жақсы», – деп атап өтті Қарулы күштер Бас штабы Ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерді дамыту және оларды қолдану департаментінің офицері, полковник Ержан Жақашев.

Бұл құрылғылардың ұшу-техникалық талаптарға сәйкестігін бағалау үшін комиссия тағайындалды. Оның құрамына ҚР Қарулы күштері Бас штабы мен Әуе қорғанысы күштерінің Ұшқышсыз басқарылатын авиация жүйелерін дамыту және оларды қолдану департаментінің офицерлері кірді.

Барлық ұшу техникасы заманауи бейнебақылау құралдарымен, датчиктермен, қашықтық өлшегіштермен және тепловизорлармен жабдықталған. Сарапшылардың назарына әртүрлі ұшу аппараттары көрсетілді. Құрылғылар арнайы резеңке жолақтың керілуімен көкке катапульта арқылы ұшты, орнынан тікұшақ сияқты тігінен көтеріліп, әуеде ұшақ сияқты қалықтады.