«Ұлтты ұйыстыруға ықпал етті»: Президент Ұлттық баcылым күнімен құттықтады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық баcылым күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Құрметті баспасөз қызметкерлері!

Баршаңызды Ұлттық басылым күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Сонау 1913 жылы, дәл осы күні еліміздің баспасөз саласының бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті», - деп атап өтті Президент өз құттықтауында.

Ол сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала беретінін айтты. Газет-журналдар замана тынысын дөп басып, мемлекет пен қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтереді, түрлі көзқарастағы ой-пікірлерді жарыққа шығарады. Сондай-ақ жалпы адамзатқа ортақ ізгі құндылықтарды дәріптейді.   

«Баспасөз қызметкерлері кәсіби біліктіліктің, отаншылдық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді.

Біздің басылымдарымыз халықтың бірлігін нығайтуға атсалысып, Әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қоса береді деп сенемін.  

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық шабыт тілеймін!» - деді Қ. Тоқаев.