Халықаралық зерттеуде оқушылардың оқу мәдениеті төмендеп кеткен
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев жалпы отырыста оқушылар арасындағы оқу мәдениеті төмендеп кеткеніне алаңдаушылық білдіретінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«2023 жылдың желтоқсанында біз оқушылардың білім сапасын анықтау бойынша ЭЫДҰ бағытында PISA-2022 қорытындыларын алдық. Оқушылардың білім саласы бойынша оң өсімнің жоқтығы алаңдатады. Кейбір параметрлер бойынша жағдайдың ушыққанын көріп отырмыз. Әсіресе, кітап оқу сауаттылығы бойынша оқушылар арасындағы көрсеткіш төмендеп кеткен. Біздің оқушылар ЭЫДҰ елдері бойынша өз қатарластарынан 3 жылға қалып барады. Қарап отырсақ, бұл қарапайым дүние сияқты. Бірақ ол жүйелік проблемаларды көрсетіп отыр. Бүгінде балалар әлеуметтік желіге көбірек назар аударады.Tıktok пен Youtube көреді. Бұл да жақсы шығар. Бірақ қорытындысында оқушылар әдебиетті аз оқып кетті. Осы арқылы олар болашақ өмірде қажет болатын қабілеттерді жоғалтады. Оқу қабілетінсіз жақсы, білікті маман даярлау қиын», - деді Әшімбаев.
Ол атағандай, бұл қабілет төмендей берсе, болашақ ұрпақтан мықты профессионал шығару күрделі болады.
«Себебі барлығы оқу мәдениетінен басталады. Осы бағытта Оқу-ағарту министрлігі жобаларды жүзеге асыру керек. PISA арқылы нәтиже алған соң ол бойынша жоспар құрып, әдістерді жетілдіріп өзгерту керек. Бұл құралды жүзеге асырсақ, жағдайды өзгерте аламыз. Осындай халықаралық зерттеулерге салмақты қарауымыз керек», - деді Сенат спикері.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ