Қарулы күштерден 3 жылда 17 мыңнан астам адам кетіп қалған

Автор: Аягөз Құрмаш

Оның ішінде 4 мыңнан астамы офицер

Фото: Informburo.kz

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары-Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас шатабының бастығы Сұлтан Қамалетдинов Мәжілістегі комитет отырысында Қарулы күштердің қазіргі жағдайы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Әскери қызметшілердің әскерден жаппай кетуі ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Жыл сайын олардың саны азаймай отыр. Тек 2020-2023 жылдар аралығында Қарулы Күштерден 17065 әскери қызметші босатылды, оның ішінде 4301 офицер және келісімшарт бойынша 12764 әскери қызметші бар. Салыстыру үшін, бұл шамамен 15 бригаданың санына пара-пар», - деді Қамалетдинов.

Ол атағандай, төрт жыл ішінде Қарулы күштерден 17065 әскери қызметші жұмыстан шығарылды, оның ішінде:

  • 4301 офицер;
  • Келісімшарт бойынша 12764 әскери;
  • Денсаулық жағдайы және шекті жасқа жетуі бойынша – 5289, оның ішінде 1926 офицер;
  • Келісімшарт бойынша 3363 әскери қызметші;
  • Басқа себептер бойынша– 11776, оның ішінде 2375 офицер.
  • Келісімшарт бойынша 9401 әскери қызметші.

«Бүгінде Армияны әскери қызметкерлермен қамтамасыз ету кәсіби дайындалған кадрлардың жоғалуын өтемейтінін ескеру қажет. Осы кезеңде Қарулы Күштер қатарына 14311 әскери қызметші қосылды», - деді ол.