Қазақстанда ең көп сатылатын топ-5 автокөлік бренді қандай?

Автор: Azattyq Rýhy

Былтыр қазақстандықтар 198 686 жаңа автомобиль сатып алған

Өткен жылы Қазақстанда автомобиль өндірісі 30,2%-ға өсті. Темір тұлпарлардың ішінде ең сұранысқа ие топ-5 брендтің қатыранда Hyundai, Chevrolet, Kia, Chery, Toyota бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қазақстанның Автокөлік Одағы баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтыр ресми дилерлер 198 686 автокөліктің кілтін тапсырды. Бұл жергілікті авторитейл тарихындағы ең жақсы нәтиже. Ал нарықтағы отандық автомобиль үлесі 70,7% құрады. Қазір ең танымал он модельдің тоғызын елдегі зауыттар құрастырады.

«Елдегі автоөндіріс саласы рекорд үстінен рекорд жаңартып жатыр. Салаға инвестиция тарту жүздеген жұмыс орнын ашуға түрткі болу арқылы еңбек нарығына оң әсер етіп қана қоймай, мемлекет бюджетіне түсетін ақша көлемін де ұлғайтты. Отандық өндіріске түсіп жатқан инвестициядан нақты нәтиже шығады, бұл Қазақстандағы автомобиль жасау саласының болашағына үлкен үмітпен қарауға мүмкіндік береді», - дейді ҚАО президенті Анар Мақашева.

Оның айтуынша, жеткізуге қатысты туындаған мәселе артта қалды, нарық оған бейімделіп қана қоймай, қарқынды өсе бастаған. Биыл 10–15% өсім болады деген жоспар бар.

Белгілі болғандай, былтыр халық көп таңдаған брендтер арасында Hyundai (46 725; алдыңғы жылғы нәтижемен салыстырғанда +61,9%) үздік атанды. Оның ізін ала бере 45 807 көлігін сатқан Chevrolet (+33,6%) келеді. 25 495 автомобилі өткен Kia үштікті түйіндеді (+76,8%). Chery төртінші орын алса (12 229; +173,9%), Toyota бесінші қатарға жайғасты (10 756; +11,8%).