Ақмола облысында тұрғын үй құрылысынан 50 млн теңге жымқырғандар сотталды

Автор: Аягөз Құрмаш

Сотта соттталушылардың кінәсі толығымен дәлелденді

Фото: dostoinstvo2017.ru

Көкшетау қалалық сотының үкімімен 50 млн теңгеден астам астам ақша жымқырғандар сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Тапсырыс берушінің өкілі ретінде үйді қабылдап, мердігерге іс жүзінде аяқталмаған жұмыс үшін төлеген Құрылыс басқармасы бастығының орынбасары 8 жылға, мердігер ұйымның басшысы 7 жылға, сондай-ақ нысан құрылысына техникалық қадағалауды жүзеге асырған сарапшы 2 жылға бас бостандығынан айрылды, - деп хабарлады облыстық прокуратурадан.

Үкімге Ақмола облысы прокуратурасының Құрылыс басқармасының қызметін тексеру нәтижелері негіз болды.

«Осылайша, жоғарыда аталған тұлғалар Щучинск қаласында 50 млн теңгеден астам сомаға жобалық-сметалық құжаттамадан көптеген кемшілігі мен ақауы бар 100 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға қабылдағаны анықтады. Прокуратураның тексеру материалдары тергеп-тексеру сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырылған қылмыстық кодекстің 189 бабының 4 бөлігі (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша СДТБТ-да тіркелді», - делінген ведомство хабарламасында.

Сотта соттталушылардың кінәсі толығымен дәлелденіп, іс бойынша айыптау үкімі шығарылды.

Сонымен қатар, үкімге облыс прокуратурасы наразылық білдіріп, сотталғандарға мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды.