Қазіргі уақытта аталған күре жолда көктайғаққа қарсы материалдарды себу жұмыстары жалғасып жатыр
2024 жылдың 15 қаңтарынан бастап республикалық маңызы бар «Алматы – Өскемен» автожолының «Қабанбай – Үшарал» учаскесінде ауа-райының қолайсыздығына байланысты толассыз қар жауды. Ал жел мен тұман күре жолда көктайғақтың пайда болуына әкеп соқты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАвтоЖолға сілтеме жасап.
Бұған дейін «Қазгидромет» РМК Жетісу облысының таулы аймақтарында қауіпті метеорологиялық құбылысқа байланысты дауылды ескерту жариялаған болатын.
«Республикалық маңызы бар автожолдың 50 шақырымын қардан тазалап, қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізу үшін 6 бірлік техника жұмылдырылды. Атап айтқанда, 2 бірлік жол көлік машинасы, 2 бірлік автогрейдер және 2 бірлік тиегіш машина аталған жолда үздіксіз қызмет етті. Дегенмен, қардың толассыз жаууы, тұман және желдің әсерінен ауа температурасының төмендеуі күре жолда мұз қатуына әкеліп соқтырды. Ал, мұндай желді ауа райында көктайғаққа қарсы шашылған материалдар бірден нәтиже бермейтіні белгілі», - делінген хабарламада.
Айта кету керек, автожолдарды қардан тазалау кезінде ауа-райының қолайсыздығы мен көлік ағынының қарқындылығы да баса ескеріледі.
Қазіргі уақытта аталған күре жолда көктайғаққа қарсы материалдарды себу жұмыстары жалғасып жатыр. Жол жамылғысының жағдайы қанағаттанарлық деңгейде, кедергісіз өту қамтамасыз етілген.
«Қазгидромет» РМК №10 дауылды ескертуіне сәйкес, 2024 жылдың 16-17 қаңтарында Жетісу облысының таулы аймақтарының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады деп күтілуде.