Мәжіліс депутаттары тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін бақылауға алды

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінде Қазақстанда 41 дағдарыс орталығы бар

Бүгін Мәжілістегі Заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының қызметімен танысты. Ал Мәжіліс депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Айна Мүсірәлімова, Юлия Кучинская және Наталья Дементьева Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Көкшетау қаласындағы «Шанс» әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау көрсету орталығында болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгінде Қазақстанда 41 дағдарыс орталығы бар. Аталмыш дағдарыс орталығына жылына шамамен 100 шақты әйел келеді. Барлығында ортақ мәселе – отбасы жағдайына байланысты жолдасынан немесе отбасы мүшелерінен жәбір көргендер.

«Заң қатаңдағанымен қылмыстық жағдай азаймай отыр.  Сондықтан мамандармен, сарапшылармен кездесіп, нақтылап, түп-тамыры неде екенін анықтауымыз қажет. Дағдарыс орталықтары осындай зорлық-зомбылықты азайтуға ықпал етеді. Онда психологтар, заңгерлер, басқа да мамандар зорлық-зомбылықтан зардап шеккен отбасыларға көмектеседі. Менің жұмысым болашақ заңнамаға кіретін өзгерістерді мамандармен талқылау. Сол себепті әлемдік проблеманы жою үшін ең алдымен заңды дұрыстауымыз қажет», – деді Снежанна Имашева.  

Депутат Батыс Қазақстан облысындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының жұмысымен танысты. Ұйым қызметкерлері мен көмекке жүгінген әйелдермен кездесуде әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оларды қорғау мәселелері талқыланды.

Көкшетау қаласындағы «Шанс» әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау орталығы зорлық-зомбылық көрген немесе қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетеді. Өткен жылы ұйым 27 балалы әйел мен 204 жасөспірімге көмектескен.

«Қазір Мәжілісте балалар құқығын қорғауға арналған заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы орайда біз сарапшылармен, кәсіби мамандармен кеңесіп, ұсыныс, тілектерін тыңдап отырмыз», – деді Айна Мүсірәлімова.

Депутат орталық қызметкерлерімен кездесуде олардың жұмысының маңыздылығына тоқталды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілген еді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы 60,7 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.