1,5 мыңға жуық адам жауапқа тартылды
Мемлекетке 53 млрд теңгеден астам сомаға активтер қайтарылды. 1 367 қадағалау актісі қаралды, олар бойынша 5 932 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды және әртүрлі жауапкершілікке 1 358 тұлға тартылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Көлік прокуратурасы үшін авиакомпания мен теміржол көлігіндегі жол жүру құжаттарына баға белгілеудің тәртібі мен негізділігі өзекті мәселе болып отыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі прокуратураның ұсынысы негізінде «AirAstana» авиакомпаниясында тексеру жүргізді, нәтижесінде билеттер құнынан жанармай алымы шығарылып тасталды. Тасымалдаушының өзі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осыған ұқсас прокуратураның наразылығы бойынша уәкілетті орган әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша поездарға теміржол билеттерін өткізу кезінде динамикалық баға белгілеу коэффициентін заңсыз қолдануды тоқтатты», - делінген Бас көлік прокуратурасының хабарламасында.
Сонымен қатар «Метрополитен» КМК, «Алматыметроқұрылыс» АҚ лауазымды тұлғаларына және басқа да тұлғаларға қатысты 5 млрд теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын ұрлау және Алматы қаласының метрополитенін салу кезінде жалған шот-фактуралар жазып беру фактілері бойынша тергеу аяқталды.
Қылмыстық істің материалдары сотқа жолданды.