Мақалада көтерілген мәселелер ел тұрғындары үшін маңызды
Қазақ қоғамында кез келген зорлық-зомбылыққа жол берілмеуі тиіс. «AMANAT» партиясының хатшысы Президенттің бүгінгі сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бүгін жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнін Президентіміз Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының Egemen Qazaqstan газетіне сұхбатын оқып танысумен бастадым. Сұхбатта қоғамды толғандыратын бірқатар мәселелерге қатысты пікір айтылған. Бәрі еліміз үшін аса маңызды», - деді «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова.
Әрбір азамат еліміздегі заң мен тәртіп үстемдігін қалыптастыруға жауапты болуы тиіс. Ал елімізде отбасылық зорлық-зомбылықтың көптігі күн тәртібінен түскен емес.
«Президент тағы бір мәрте «Мен елімізде заң мен тәртіп қағидатының орныға түскенін қалаймын. Сондықтан нақты жауап берейін, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын… Біз қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек» дей келе, заң үстемдігі, тәртіп, зорлық-зомбылыққа, жол бермеуді мықтап айтты. Қоғамымызда балаларға және әйелдерге қатысты қылмысқа, зомбылыққа еш жол берілмеуі керек», - деді ол.