Ұшақ техникалық тексеруден өтіп жатыр
Қостанайға ұшқан QAZAQ AIR әуекомпаниясының ұшағы Астанаға оралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy әуекомпанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
28 желтоқсанда Астана-Қостанай бағыты бойынша IQ367 рейсі жоспар бойынша Астанадан сағат 15:25-те ұшуы тиіс еді. Техникалық ақауларға байланысты жоспарланған рейс 4 сағат 35 минутқа кешіктірілген. Бұдан әрі сағат 20:12-де мұздануға қарсы сұйықтықпен өңдеу шарасы өткізілді. Ол аяқталғаннан кейін ұшақ Қостанайға сағат 20:27-де ұшты. Алайда техникалық себептерге байланысты ұшақ ұшу әуежайына оралды. Техникалық қызмет көрсету базасының Астанада орналасуы себепті экипаж бортты қайтару туралы шешім қабылдады. Ұшақ техникалық тексеруден өтіп жатыр.
Межелі бағыт бойынша рейстің ұшуы 29 желтоқсанда сағат 00.40-та әуе компанияның басқа ұшағында жоспарланған. Аталған рейстің жолаушыларына
«Жолаушыларды тасымалдау ережелеріне сәйкес сергітетін сусындар, тамақ, тегін қайта брондау немесе билеттерді 100% қайтару ұсынылды. QAZAQ AIR жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды. Қауіпсіздік – әуе компанияның басты басымдығы екенін хабарлаймыз», - делінген әуекомпания хабарламасында.